Түркістанның өнімдері Алматыға жол тартты. Өңірде жыл басынан бері 458 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ал агроөнеркәсіпке тартылған инвестиция 161 миллиард теңгеден асып, экспорт көлемі де екі есеге артты. Осы жетістіктердің арқасында түркістандық шаруалар өнімдерін ішкі нарыққа шығара бастады. Алдағы демалыс күндері Алматы қаласында Түркістан облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Мегаполиске өңірдің аудан-қалаларынан 500 тоннадан астам өнім тиелген керуен жол тартты. Алматылықтарға ет пен сүт, көкөніс пен жеміс-жидек және бақша дақылдары ұсынылады. Ең бастысы, тауарлар нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылмақ.