Түркістан облысында тағы да бірқатар ірі өндірістік жоба іске аспақ. «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы 2 гектар аумаққа полимерлік дисперсияларды синтездеуге арналған автоматтандырылған зауыт салу көзделіп отыр. Сонымен қатар 3,1 гектар жерге мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынбақ. Одан бөлек, күнбағыс майын өңдеу зауытын салу да жоспарда тұр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиында инвесторлар жаңа инвестициялық жобаларын таныстырып, оның іске асу мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігі жан-жақты қаралды. Енді қолдау тапқан бірқатар кәсіпорындардың құрылысы қыркүйек айында басталады.