Қонаев гарнизонының десанттық-шабуылдау бригадасында офицерлер мен сержанттарға арналған нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өтті. Негізгі мақсат – роталық тактикалық оқу-жаттығуларды ұйымдастыру мен өткізудің бірыңғай тәсілін қалыптастырып, бөлімшелерді басқару дағдыларын жетілдіру. Әскери қызметшілер оқу-жаттығуларды жоспарлау, әртүрлі жағдайларда өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жеке құрамның үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету тәртібін пысықтады. Практикалық сабақтар барысында бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттырудан бастап, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға дейінгі кезеңдер қамтылды. Сонымен қатар заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесі ескеріліп, ұшқышсыз авиациялық жүйелер қолданылған жағдайдағы іс-қимылдарға да назар аударылды.