Түркістан облысының Келес ауданында өзенге батып кеткен алты жасар баланы іздеу жұмыстары қайта жанданды. Төтенше оқиға наурыздың 23-і күні болған еді. 2018 жылы туған бүлдіршін Құрылыс елді мекенінің маңында ойын ойнап жүріп, абайсызда суға құлап кеткен. Қазіргі таңда арнайы іздестіру операциясы Келес өзенінің бойында үздіксіз жүргізіліп жатыр. Құтқару шараларына Түркістан облысынан бөлек, Шымкент пен Жамбыл облысынан келген құтқарушылар, полиция, жергілікті әкімдік қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылған. Су асты мен жағалауды тінтуге барлығы 90-ға жуық адам мен арнайы техника тартылды. Құтқарушылар іздеу барысында құтқару катерлерін, әуе дрондары мен арнайы су асты дронын қолдануда.