Алматы облысында екі жыл бойы автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесіне қатысты сот үкімі шықты. Олар мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам залал келтірген. Сотталғандарға 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тергеу барысында алаяқтардың мемлекеттік талаптарды айналып өту үшін бірнеше астыртын схеманы пайдаланғаны анықталды. Алдымен техникалық регламент талаптарын бұза отырып, Қазақстанға сырттан әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейіннен қылмыстық топ жеңіл автокөліктерді тіркеудің басқа тәсіліне көшкен. Дәл осы схема бойынша елге заңсыз әкелінген машиналарға Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған ескі көліктердің VIN-кодтары берілген. Осылайша тағы 200-ден астам көлік, заңды автокөлік ретінде рәсімделген. Бұл топқа сыртқы тұлғалардан бөлек, құзырлы орган өкілдері де тартылғаны белгілі болды. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуге көмектескен.