Бүгіннен бастап Қазақстанда электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талап күшейді. Енді тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында электросамокатпен жүруге болмайды. Ал жолдың жүріс бөлігіне тек 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігі және қорғаныш шлемі бар азаматтар ғана шыға алады. Қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді пайдалану міндетті. Сондай-ақ самокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде жүргізуші самокаттан түсіп, оны жетектеп өтуі керек. Ал жалға берілетін самокаттарда сақтандыру мен тіркеу нөмірі болуы қажет.