2027–2029 жылдары ауыл шаруашылығы ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі драйверге айналмақ. Үкімет алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Айтуынша, экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші — шикізаттық емес секторлардың жандануы болмақ. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі даму қарқыны жағынан тау-кен өндірісінен озып шығып, негізгі тірекке айналады. Бұл саладағы өсімге металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі қомақты үлес қосады. Мұнымен қоса, жыл сайын кемінде 5% қарқынмен дамитын ауыл шаруашылығы да экономиканың ажырамас драйвері ретінде айшықтала түспек.