Бүгін ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп жатқан күні жалпыұлттық онлайн-марафон өз жұмысын бастады. Ауқымды медиажоба сайлау барысы туралы жан-жақты ақпарат беруге, сондай-ақ қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған. Тікелей эфир сағат 09:00–де басталды және ол түнгі 12:30–ға дейін жалғасады. 16 сағат бойы көрермендерге сайлау процесінің барысы туралы жедел ақпарат, сарапшылардың пікірлері, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылады. Марафонға қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, түрлі саланың мамандары мен сарапшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер, спортшылар қатысып жатыр. Онлайн-марафонның мазмұны бірнеше арнайы алаңда ұсынылады. Негізгі сахнада қоғам үшін өзекті мәселелер талқыланып, спикерлер өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіреді. Сонымен қатар марафон аясында викториналар мен ойын-сауық форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Жалпыұлттық онлайн-марафонның тікелей эфирін 14 республикалық және 14 өңірлік арнадан оның ішінде Түркістан телеарнасынан да көруге болады.