Түркістанның туристік әлеуеті Малайзияда таныстырылады. Өңірге келген малайзиялық делегациямен кездесуде шетелдік туристер ағынын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндіктері талқыланды. Түркістан облысы Малайзияда өтетін көрме-жәрмеңкеге қатысып, өңірдің туристік бағыттарын таныстыруды жоспарлап отыр. Ал малайзиялық тарап Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен тау туризмі нысандарына ерекше қызығушылық білдірді. Тараптар туристік байланыстарды күшейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Сонымен қатар жиында Түркістан халықаралық әуежайының жылына 3 миллион жолаушы қабылдай алатыны айтылды.