Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Hunan Junxin Environmental Protection co., ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесу өткізді. Онда Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Құны 145 млрд теңгелік инвестициялық жоба осы жылдың мамыр айында қолға алынған. Қазір нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр. Тәуліктік қуаты 2 мың тоннаға дейінгі қалдықтарды қайта өңдеуге жететін кәсіпорын 60 мвт-қа дейін электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Әрі көмір қышқыл газының қалдықтарын жылына 200 мың тоннаға дейін қысқартып, жыл сайын қоқыс полигоны аумағының 800 мың текше метрін күресінен арылта алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 адам жұмыс істейді. Ал, іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Мұндай ірі кәсіпорын еліміздің өзге де қалаларынан бой көтеруі мүмкін. Бұл туралы үкімет басшысы жауаптыларға тапсырма беріп, аталған компаниямен шұғыл түрде ынтымақтастықтың барлық аспектілерін зерделеуді жүктеді.