Әлемде күн сайын 137 әйел өз отбасы мүшелерінің қолынан қаза табады. Ал әрбір сегізінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Біріккен Ұлттар ұйымы жүргізген статистика осындай. Мамандардың айтуынша, оның тек 40 пайызы ғана құзырлы органдардан көмек сұрайтын көрінеді. Жаһандық дертке айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Түркістанда БҰҰ өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Мамандардың статистикасына қарағанда Түркістан облысы тұрғындарының жартысынан көбі, яғни 57 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің бар екендігінен хабарсыз. Сондай-ақ БҰҰ-ның мәліметінше, аймақтағы әйелдердің көпшілігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді екен. Шетелдік меймандардың қатысуымен өткен жиында ана өлімі мен бала өлімін азайту және болдырмау бойынша ұсыныстар айтылды. Мәселенің маңыздылығын атап өткен облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов аймақта әйел құқықтары мен балаларды қорғау бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді. Ал биыл полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 2700-ден астам әйелді дағдарыс орталықтарына орналастырды. Олардың 716-сы уақытша баспанамен қамтылды. Айта кетерлігі, елімізде зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік оңалтуға арналған 49-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істейді. БҰҰ өкілдері аймақтағы дағдарыс орталықтарының біріне арнайы барып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен тілдесті. Президенті халыққа жолдауында: «Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек» деді. Осы ретте құзырлы органдар аталған тәртіп бұзушылыққа қатысты жазаны қатаңдатамыз деп отыр.