Енді қазақстандықтар Оңтүстік Корея елінде заңды түрде жұмыс істей алады. Шетелде жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне еліміз 18-ші мемлекет болып ресми түрде қосылды. Айта кету керек, отандастарымызды Корей еліне жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады. Ол уақытқа дейін, арнайы дайындық жұмыстары пысықталып, корей тілінен тест өткізетін орталық ашылады. Сонымен қатар, жұмыс жасауға ниетті азаматтардың кәсіби біліктілігі мен медициналық жағдайын тексеру тәртібі кезең-кезеңімен енгізіледі. Жұмысқа орналасу ісі арнайы делдалдар арқылы емес, мемлекеттік жүйе негізінде жүзеге аспақ. Осылайша, корей тілін меңгеріп, белгіленген талаптарға сай келген азаматтар ресми еңбек шартымен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Ведомство өкілдері, алаяқ делдалдардан сақ болуға шақырады. Арнайы жүйе толық іске қосылғанға дейін, кезектен тыс жұмысқа орналастырып беремін деп уәде ететін әккілерге сенбеу қажет. Тіркеуден өткені туралы мәліметтер мен құжаттар министрліктің ақпараттық ресурстарында жарияланатын болады.