Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіле бастады. Шығын болған малға да өтемақы берілуде. Дегенмен кейбір тұрғындар өлген мал дұрыс саналмады деп отыр. Мысалы Сарапхана ауылының тұрғындары өлген малымыз дұрыс саналмады деп ашынады. Яғни, суға кеткен малдың саны азайтылып, сырғаланбай қалғандары есепке алынбапты. Бұл ауылда жұрттың малын бағатын қойшының қорасындағы 400 қойдың 213-і арам қатқан. Бірақ жергілікті билік өлген малдың санын 157 деп есептеген. Осындай мәселеге тап болған халыққа «Қазақстанның қызыл жарты ай» қоғамы бейжай қарамады. Олар екінші деңгейлі банкпен бірлесіп Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарында су тасқынан зардап шеккен 180 отбасы, 1115 тұрғынға 111 млн теңге бөлді. Отбасының әр мүшесіне 100 мың теңгеден үлестіріп шықты. Тұрғындарға банк карточкаларын да берген. Мұндай көмек Қазығұрт ауданындағы 173, Сарыағаш ауданы Бағыс ауылындағы 7 отбасыға берілген. Ал, арнайы комиссия өлген малға қанша теңгеден төленетінін айтты. Оның көлемі 10 мың теңгеден 130 мың теңге аралығында болмақ. Сондай-ақ, көктемгі төл мен сырғаланбаған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ. Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетілетіні мәлім болды. Бір баспананың құлағаны расталып, тағы 5 үйдің жарамдылығы тексеріліп жатыр. Қалған ғимараттар мен үйлердің, қосымша құрылыс нысандарының шығыны да есептелуде.