Түркістан облысындағы ең ірі су қоймасы Шардарада суды есепке алу жүйесі толықтай автоматтандырылды. Жоба аясында 8 гидротехникалық нысанға деректерді онлайн тарататын 11 заманауи құрылғы орнатылды. Енді судың деңгейі мен шығыны бұрынғыдай қолмен емес, цифрлық құрылғылар арқылы қашықтан әрі өте дәл өлшенеді. Арнайы есептегіштер Шардара мен Қызылқұм магистральдық каналдарына, Арыс өзеніндегі гидробекетке және Көксарай контрреттегішіне толық орнатылып бітті. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асқан бұл бастама су ресурстарын ашық әрі тиімді басқаруға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.