Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады. Ол бірнеше заңсыз интернет-казинолардың жұмысын жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілініп отыр. Агенттіктің мәліметінше, жазбагер бұл іске әріптестері, 35-тен аса блогерді де жұмылдырған. Оның ішінде Қайсар Қамза есімді қазақстандық блогер де бар. Сондай-ақ, Хикматов танымал тұлғалардан әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасы мен жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштері туралы ақпарат алып отырған. Ал, жарнама ақысы осы көрсеткіштерге қарай төленгені белгілі болды.