Қазығұрт ауданындағы нөсер салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. «Қызыл жарты ай» қоғамы 104,6 млн. теңге бөліп, су кірген үйлердегі мыңнан астам тұрғынға 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетуін бастады. Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетілмек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірге келіп, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Комиссия тарапынан мал басы нақтыланып, ғимараттар мен үйлер, қосымша құрылыс құны есептелуде. Өкінішке қарай, көптеген нысандардың құжаты жоқ, олар да зерделеуден өтті. Алдағы уақытта жаңа туған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ.