Қазақстан ресейлік журналист Тигран Кеосаянның елге кіруіне тыйым салуы мүмкін. Бұл жөнінде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады. Кеосаян екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты озбырлық мәтіндегі мәлімдемесін әлеуметтік желілер арқылы жариялаған болатын. Дөрекі әрі қорқыту мағынасында айтылған әр сөзі желі қолданушыларының ашуын тудырды. Кесоянның видеосы шыққаны сол еді, ашуға булыққан отандық танымал қайраткерлер бейнеүндеу жазып, өзінің позициясын білдірді. Оның ішінде танымал актерлер де, депутаттар да бар. Ал, депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед оны тіпті, жануармен теңеді. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемелер тату көршілік қарым-қатынастың атмосферасын бұзады деп санайды. Тіпті, Кеосаян арандатушылардың сөзін сөйлеп отыр деген пікір айтты. Тигран Кеосаян танымал НТВ арнасындағы «Международная пилорама» бағдарламасының жүргізушісі. Кеосаянның жұбайы Маргарита Симонян болса, Раша Тудэй арнасының басшысы. Бұл отбасылық жұп, тіпті, Алексей Навальныйдың зерттеуіне кірген. Зерттеуде оппозициялық саясаткер, олардың бар былығын әшкерелеген.