Түркістан облысы Айнатас ауылындағы балалар басқа елді мекендерге қатынап оқуға мәжбүр. Өйткені жаңа мектептің құрылысы мүлдем тоқтап қалған. Тұрғындардың айтуынша, білім ошағының құрылысын әкімдер құрғақ уәдемен жылда сөз жүзінде аяқтап тастайды екен. Ал ауылда 230 бала бар. Олардың барлығын күннің ыстығы мен қара суығында жолсыз жермен жалғыз автобус тасымалдайды екен. Жаңа мектептің іргетасы мен қабырғасы қаланып, төбесі жабылғанын көргенде көптің көңілінде қуаныш ұялапты. Бір жылдың ішінде 100 орынға шақталған нысанда «балаларымыз білім алады» - деген жұрттың шаттығы көпке созылмаған. Өйткені құрылыс бірден тоқтап қалады. Жұмыстың жүруіне кедергі көп болды дейді жұрт. Мердігердің әкелгені кәсіби құрылысшылар емес, көрші елдің еңбек мигранттары болып шыққан. 350 млн теңге қаралған құрылыста қаржының қанша пайызы игерілгені белгісіз. Жауаптылар мердігермен соттасып үлгеріпті. Құрылыс басқармасының басшылығы енді жуық арада мектеп құрылысын аяқтау үшін тағы бір конкурс жарияланады. Сондықтан білім ошағы тек келер жылы ғана пайдалануға беріледі деп отыр.