Автожолдардың сапасы тек оның талапқа сай салынуына ғана емес, оны пайдалануға да тікелей байланысты. Әсіресе, шамадан тыс жүк тиеген ауыр жүк көліктері жолдың тез бүлінуіне себеп болады. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында Түркістан облысында республикалық маңызы бар автожолдың бойына автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Құрылғы ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшеп, белгіленген талаптың сақталуын қадағалайды. Ережеге сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдарда бір оське түсетін жүктеме 8 тоннадан аспауы тиіс. Биыл өңірде жалпы 6 жолдың бойына 4 жолаққа арналған осындай жүйелерді орнату жоспарланған.