Жарты жылдың ішінде еліміздегі жүздеген адам қара жолдың үстінде ажал құшты. Бас прокуратураның ресми мәліметіне сүйенсек, биыл қаза тапқандардың саны 800-ден асады. Статистика өткен жылмен салыстырғанда 15,5% азайған. Алты ай ішінде 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған. Оның басым бөлігіне жол ережесін қасақана және жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің қатысы бар. Ең көп адам өлімі жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен қауіпті маневрлердің салдарынан тіркелген. Сондықтан прокуратура жол бұзақылығына қатысты жауапкершілікті күшейту шараларын жүргізіп жатыр. Соның бірі «Цифрлық қадағалау» платформасы. Пилоттық жоба жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Әрі ол арқылы жүргізушілердің тәртібін балдық жүйемен бағалауға болады.