Түркістан
EN

Таксопарктер әрбір 10-көлікті мүгедек жандар үшін бейімделуі керек

179
28.04.2022

Таксопарктер әрбір оныншы көлікті мүгедек жандар үшін бейімдеуі тиіс. Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасының басты талабы осы. Құжатта тағдыр жазуымен тауқыметке тап болған адамдарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсетуді жақсарту тетіктері нақты жазылған. Облыс бойынша 96 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Ал Түркістан қаласында 367 азамат арбаға таңылған. Ал «инватаксиге» қол жеткізу тіптен қиын іс көрінеді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар қарапайым көлікпен жүруге мәжбүр. Енді жарымжан жандардың жүріп-тұруын жеңілдету мақсатында «инватакси» санын көбейтіп, оларды тасымалдауға бейімделген автобустарды алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аталған заң жобасында мүгедектерге қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар норма енгізіліп отыр. Оның ішінде «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер тиісінше «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен алмастырылады. Одан бөлек мүгедектігі бар баланы санаториялық-курорттық емдеуге алып жүретін ата-ананың біреуіне қаржылай көмек көрсетілмек.