Ғарыштағы байланыс әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі. Үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл жоба 2029 жылы пайдалану мерзімі аяқталатын қолданыстағы KazSat-3 жер серігінің орнын басатын жаңа спутникті әзірлеуді көздейді. Жаңа спутник іске қосылғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақтылығы сақталып, ұлттық байланыс жүйесінің сенімділігі арта түспек. Айта кетейік, соңғы екі жылда жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік 99%-ға жеткен. Яғни, бүгінде 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен интернетпен толық қамтамасыз етілген. Шалғай және барыс-келіс қиын аумақтарды байланыспен қамту үшін спутниктік технологиялар қолданылады. Соның арқасында жерүсті инфрақұрылымын салу қиын елді мекендер де интернетті пайдалануда.