Түркістан облысында табиғи апаттан зардап шеккен жұрт туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Өйткені Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында жауынның зардабынан 41 үйге су кіріп, жарамсыз болып қалған. Қазір бұл өңірлерде арнайы құрылған комиссия шығын көлемін есептеп жатыр. Ал табиғи апаттан зардап шеккендерге қоғамдық ұйымдар көмектесуде. Табиғи апаттан Заңғар, Сарапхана, Қызылқия, Қарабау және Жіңішке ауылдары су астында қалған еді. Қазір өңір тұрғындары бір-біріне көмектесіп, жағдайды реттеуге атсалысып жатыр. Ал бірнеше отбасы дүние мүлкін көшіріп әлек. Себебі баспаналарын сел шайып, жарамсыз деп танылған. Ал әкімдік «уақытша баспана тауып береміз» - деп уәде берген. Белсенділер қорасы мен баспанасын су басқан ауыл тұрғындарының тізімдерін алған. Содан соң оларға аса қажетті гигиеналық заттар мен қаржылай қолдау көрсетілмек. Су басқан аумақты ретке келтіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың 100-ден аса қызметкері жұмылдырылған. Арнайы құрылған комиссия Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарында 41 үйге су кіргенін анықтаған. Жалпы тасқын судан 370 бас мал тұншығып өлген. Облыстық әкімдіктегілер құлаған баспана мен қираған қораны жөндеу үшін қаржы бөлінеді. Ал өлген малдың өтемақысы өтелетін болды.