Түркістан облысы мен Үндістан арасында келіссөз жүргізілді

7
2026-07-22

Үндістан Түркістанға ірі инвестиция құйып, өңірде халықаралық деңгейдегі заманауи аурухана салуды көздеп отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездескен Үндістан елшісі Сайлас Тангал өңірде фармацевтика зауытын ашып, уран өндірісі мен мақта кластерін, тіпті баламалы энергия жобаларын бірге дамытуға ниетті екенін жеткізді. Ең бастысы мұндай байланыстар туризм саласына үлкен табыс әкелуі мүмкін. Өйткені жыл сайын саяхатқа шығатын 50 миллион үндістандық үшін Түркістанның бай тарихы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше орын болары сөзсіз.  Халықаралық әуежайы бар киелі шаһар шетелдік меймандарды қабылдауға толық дайын. Өз кезегінде өңір басшылығы үндістандық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін де қамтитын бұл ауқымды әріптестік таяу арада нақты жобалармен іске аспақ.