Алматы – Бішкек республикалық автожолы қайта жаңғыртылып, кеңейтіледі. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және автожолдардың өткізу қабілетін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі төрт жолақты жол 8 жолақты етіп кеңейтіледі. Тәулігіне 70 мыңнан астам көліктің әрі-бері еркін қатынауына жағдай жасалады. Жоба аясында екі жолайрық, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, тротуарлар, жарықтандыру жүйесі мен инженерлік желілер жаңартылады. Нәтижесінде көлік кептелісі азайып, жол жүру уақыты қысқарады. Сонымен қатар жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстыратын халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуеті күшейеді.