Елімізде автомобиль жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылы елде 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18 пайызға артқан. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Ал жыл басынан бері 94 мың 400 көлік құрастырылып, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға жоғарылаған. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 190 мың автокөлікке жеткізу жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, бұл саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты.