Түркістан облысында жыл басынан бері мал ұрлығының 48 дерегі анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 жағдайға көп. Қазіргі уақытта 35 қылмыстың беті ашылған. Ведомствоның мәліметінше, ұрлау фактілері ең көп Қазығұрт пен Ордабасы ауданында тіркелген. Тәртіп сақшылары төрт түлікті қолды етуді кәсіпке айналдырған 12 қылмыстық топты құрықтап, олардың 21 мал ұрлығы дерегіне қатысы барын анықтаған. Сондай-ақ, жарты жыл ішінде ұрланған 225 малдың 172-сі табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Еске сала кетейік, өткен жылы облыста ұрланған 615 түліктің, 474-і иелеріне қайтарылған еді. Тәртіп сақшылары жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлаумен айналысқан 19 қылмыстық топ ұсталып, 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.