Түркістан облысында 200 млрд теңге көлеміндегі көлеңкелі қаржы айналымының және контрабандалық арналардың жолы кесілді. Ұсталған азаматтар Қырғызстан Республикасынан контрабандалық жолмен темекі өнімдерін тасымалдап, оларды Түркістан облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде саудалап келген. Бас прокуратураның мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында жалпы құны 103 млн теңге болатын темекі өнімдері тәркіленді. Сонымен қатар шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, қылмыстық іске қатысы бар 23 азамат ұсталды. Олар делдалдық қызметтен алынған қаражаттың бір бөлігін мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғаларға пара ретінде беріп отырған. Қазір аталған заң бұзушылықтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.