Келесте заманауи мәдениет үйі пайдалануға берілді
Келес ауданында Жүзімдік ауылының халқы қуанышқа бөленді. Елді мекенде жаңа мәдениет үйі мен кітапхана ел игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ауылдың рухани тынысына серпін беретін жаңа нысан туралы тілшіміздің келесі бейнематериалында.
Жаңа мәдениет үйі заманауи талапқа сай жабдықталған. Мұнда 149 орындық көрермен залы, кітапхана, хореография залы, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер мен конференц-зал жасақталған. Кітапхана да жаңа ғимаратқа көшіріліп, рухани азыққа шөлірген оқырмандарға есігін айқара ашты. Көп жылдан бері кітапханашы болып еңбек етіп келе жатқан Нұржамал Сейтмамбетова да енді жаңа жұмыс орнында өз қызметіне кірісуге әзір жүр. Оның айтуынша бүгінде әсіресе, балалар кітап оқуға құмар.
НҰРЖАМАЛ СЕЙТМАМБЕТОВА КІТАПХАНАШЫ
Мұнда оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Әсіресе балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары.
Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға да мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұнда би, ән, домбыра, қолөнер және өзге де шығармашылық бағыттағы үйірмелерді кезең-кезеңімен ашу жоспарланған. Бұл ауыл жастарының өнерге деген қызығушылығын арттырып, талантын шыңдауға жол ашады дейді, ауылдық округ әкімі.
СӘБИТ БОТБАЕВ - ЖҮЗІМДІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Бұл мәдениет үйі – ауыл тұрғындары көптен күткен нысан. Енді мұнда мәдени-көпшілік шаралар тұрақты өткізіліп, жастарға арналған түрлі шығармашылық үйірмелер ашылады.
Түркістан облыс боп құрылғаннан бері кезеңде 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның төртеуі Келес ауданында орналасқан. Сондай-ақ биыл ауданда музей құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру де жоспарланып отыр.