Бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Алматы соты осындай үкім шығарды. Бұған дейін прокурор соттан қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Еске салайық, былтыр 20 қыркүйек күні Алматыда 54 жастағы қала тұрғыны соттың шешімімен үйін босатуды талап еткен екі полицей мен сот орындаушысын және баспананың жаңа иесі мен оның танысын өлтірген еді. Салдарынан 5 отбасы асыраушысыз қалған. Енді ол жазасын түрмеде өтейді. Сондай-ақ, сот зардап шеккендердің талабын ескеріп, заңға сәйкес айыпталушыны 9 млн теңгеге жуық материалдық шығын, 65 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттеді.