Еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау – бүгінгі кәсіптік білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстың барысымен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданындағы №19 көпсалалы колледжге барып қайтты. Өңір басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлау және түлектерді жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 2014 жылы пайдалануға берілген колледжде бүгінде 425 студент білім алуда. 54 оқытушы 11 мамандық бойынша дәріс береді. Мұнда ветеринария, дәнекерлеу ісі, есептеу техникасы мен ақпараттық желілер, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, агрохимия және өзге де ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша мамандар даярланады. Аймақ басшысы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары өңір экономикасына қажетті білікті кадрлар даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған орай колледждің оқу үдерісін өндіріс талаптарына бейімдеу, материалдық базаны жаңғырту және білім сапасын одан әрі арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.