Түркістан облысында су қауіпсіздігін күшейтетін ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі аяқталуға жақын. Бәйдібек ауданында салынып жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасы өңірдің су қорын молайтып қана қоймай, мыңдаған гектар егістікті тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді. Нысанның құрылыс барысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды. Жауапты мамандарға құрылысты белгіленген уақытта әрі талапқа сай аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Жобалық құны 15,7 миллиард теңге болатын су қоймасының сыйымдылығы – 67 миллион текше метр. Су Бөген өзенінен жиналады. Жоба толық іске қосылғанда 9,7 мың гектар суармалы алқап тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар көктемгі тасқын суларды реттеп, артық суды жинақтау және суару маусымында тиімді пайдалану арқылы өңірдің су ресурстарын басқару жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі.