«Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асады

30
2026-07-09

Түркістан облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу мәдениетін дамыту жұмыстары басталады. Облыста өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер бекітіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кездесуде белгілі болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлымен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жобаның жүзеге асырылу жолдарын жан-жақты талқылады. Жобаға қатысушылар арнайы цифрлық платформа арқылы тіркеліп, оқылған кітаптарын онлайн жүйеде белгілеп отырады. Бұл бастамаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спортшылар мен отбасыларды қоса алғанда жеті бағыт бойынша 100 мыңға жуық оқырманды тарту жоспарланып отыр. Бастаманың басты мақсаты – кітапханалардың жұмысын жандандырып, кітап оқуды қоғамның күнделікті дағдысына айналдыру. Жобаның негізгі кезеңі қыркүйек айында басталатын болады.