Түркістан облысы АҚШ-тың Аризона штатымен ынтымақтастықты нығайтады. Күні кеше облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы мақсатта Қазақстан Республикасының құрметті консулы Хью Холлман бастаған делегациямен кездесті. Өңір басшысы басқосуда АҚШ-тың қатысуымен білім ордасын құру немесе мамандарды бірлесе оқыту, осы саладағы әріптестікті тереңдету, әсіресе, ауыл шаруашылығын цифрландыру, терең өңдеу саласының мамандарын даярлау маңызды екеніне тоқталды. Америкалықтар да бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Консул Түркістанның қарқынды дамып келе жатқанын айтып, Аризона университетінің және іскерлік орта өкілдерінің өзара байланысты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Қос тарап жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамыту, академиялық оқу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ туризм саласындағы өзара байланысты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып, білім беру, ғылым, туризм бағыттарындағы нақты жобаларды зерделеп, әріптестікті нығайтуға уағдаласты.