Әлемнің 59 елінде адам саудасымен айналысқан мыңнан астам адам ұсталды. Интерпол үйлестірген «Жаһандық нысана» атты халықаралық операция бес күнге созылып, оған Африка, Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің құқық қорғау органдары қатысты. Арнайы рейдтер шекара бекеттерінде, халықаралық әуежайларда, автобекеттерде және күдікке ілінген нысандарда жүргізілді. Операция барысында адам саудасына қатысы бар деген күдікпен 334 адам, ал осы қылмыстарға байланысты өзге құқық бұзушылықтар үшін тағы 690 адам ұсталды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары адам саудасының 2070 құрбанын анықтап, 465 қылмыстық іс бойынша тергеуді бастады. Интерполдың мәліметінше, зардап шеккендердің басым бөлігі жалған жұмыс ұсыныстарына сеніп немесе түрлі айламен шетел асқан. Қылмыстық топтар әлеуметтік желілер мен интернеттегі жалған хабарландырулар арқылы адамдарды мәжбүрлі еңбекке, сексуалдық қанауға және интернет-алаяқтық орталықтарына тартқан. Анықталған құрбандардың әрбір оныншысы кәмелетке толмаған бала болып шықты. Қазір олардың барлығына құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.