Түркістан облысында ағаш пен гүл көшетін өндіретін тұқымбақ салынып жатыр. Жалпы аумағы 10 гектар болатын алаңды жасақтауға 400 миллион теңге жұмсалмақ. Бұл қаржыға кешен аумағындағы жылыжайды кеңейту, асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланған. Сонымен қатар Арыс-Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану және өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру көзделген. Жаңа тұқымбақ толық іске кіріскенде жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі. Бұл желектер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылады.