Елімізде 13 миллионнан астам адам, яғни халықтың 64 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Дегенмен, ішкі сұраныс тоқтаусыз өсіп келеді. Былтырдың өзінде ішкі нарық 20 миллиард текше метр көгілдір отын тұтынған. Алдағы уақытта тапшылық болмауы үшін Үкімет жаңа кен орындарын игеруді қолға алуда. Мәселен, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазір 30 жаңа аумақта барлау жұмыстарын жүргізуде. Биылдың өзінде Малдыбай мен Сарыалжында жаңадан 3 ұңғыма бұрғыланады. Жалпы, компания халыққа берілетін газ бағасын арзан күйде ұстап тұру үшін өз табысынан 226 миллиард теңгені субсидия ретінде жұмсаған. Ендігі мақсат көмір жағып отырған еліміздің солтүстік аймақтарын газға қосу. Бұл үшін Ресеймен бірлескен «Ишим-Астана» құбыры тартылмақ. Жоба сәтті аяқталса, 2035 жылға қарай қазақстандықтардың 80 пайызы табиғи газдың игілігін көреді.