Елордадағы Есіл өзенінде бұрын-соңды болмаған ерекше концерт өтті. Мерекелік шара аясында Ұлттық ұланның Ерлер хоры өзенде қалықтаған ақ кеме үстінде ән шырқап, Астана тұрғындары мен қонақтарына нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Хор ұжымы патриоттық әндерді, заманауи композициялар мен қазақ халқының классикалық шығармаларын жоғары деңгейде орындап шықты. Кештің басты сәні – Құрмет орденінің иегері майор Бауыржан Мақаевтың домбырамен орындаған жеке туындылары болды. Әуезді кемені көргенде жағалаудағы жұрт тоқтай қалып, өнерпаздарды зор қошеметпен қарсы алды. Танымал әндерді қосыла шырқады.