Ұлытау облысынан жаяу шыққан 72 жастағы жиһангез Түркістанға келді. Ақсақал жолға қажетті керек жарағын арбасына салып, үйінен 31наурыз күні шығып кеткен екен. Содан 22 сәуір күні киелі шахарға келіп отыр. Бір қызығы жолаушы мұнымен ғана тоқтамай сапарын жалғастырмақ. Cәрсенбай Оспанұлы Ұлытау облысынан Түркістанға жаяу жүріп келген. Ол адам көздеген мақсатына шын ниетімен ұмтылса, қандай қиындық болсын жеңбей қоймайды дейді. Оған өзінің сапары дәлел. Сондай-ақ ақсақал ұзақ сапарында қазақтың мәдениетін әдет ғұрпын қағазға түсіріп жүр екен. Ол қазақтың ұмыт қалған салтын, мұрасын жазып кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырсам деген ниетте. Айта кетейік 72 жастағы қария Түркістан қаласынан ары қарай Тараз, Шымкент, қалаларына жаяу жетпек. Ең соңғы аялдамам Ақтау қаласы болмақ дейді ол. Содан кейін Азия елдерін аралап, Меккеге жаяу жетемін деп алдына мақсат қойып отыр. Сәрсенбай Оспанұлын өзі жаяу жеткен Қызылорда, Түркістан облысының халқы құшақ жая күтіп алғанын айтады. Жолында кездескеннің барлығы оған сый сияпат табыстап, алдағы сапарына сәттілік тілепті.