Елімізде мектептерде алдағы жаңа оқу жылынан бастап жаңа міндетті пәндер енгізіледі. Бұл туралы үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады. Оның айтуынша, қазір теорияны жаттап ғана қоймай, жауапкершілікті сезіне отырып, қазіргі әлемде қауіпсіз өмір сүруге баса назар аударылып отыр. Соның аясында, Жаңа Конституция нормаларына сәйкес оқу жоспарлары мен стандарттары қайта қаралуда. Енді 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Онда білім алушылар Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы жүйелі білім алады. Ал 8–11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы оқытылса, 5-ші 11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілетін болады.