Санитариялық талаптарды сақтамаған 470 демалыс нысанына шектеу қойылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты. Оның сөзінше, санитарлық қызметтің негізгі міндеті — демалыс орындарындағы тазалықты қадағалап, жұқпалы аурулардың алдын алу. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір комитеттің аумақтық бөлімшелері 1 225 туристік аймақ пен 304 қоғамдық жағажайдың санитариялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 900 ұсыным берілген. Оның басым бөлігі демалыс нысандарында қажетті рұқсат құжаттарының болмауына байланысты жасалған.