Елімізде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жеңілдетілген несие бағдарламалары жаңартылып, фермерлерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Соның бірі – «Жайлау» бағдарламасы. Жоба шалғайдағы жайылымдарды тиімді игеруге, инфрақұрылым жүргізуге және асыл тұқымды мал басын көбейтуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында шаруалар жылдық 6 пайызбен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие ала алады. Қаржы ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға, репродуктор фермаларын құру үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталады. Сонымен қатар жаңартылған «Игілік» пен «Береке» бағдарламалары арқылы қой, жылқы, түйе, марал және ара шаруашылығын дамытуға да қолдау көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, бұл тетіктер ауылдағы кәсіпті кеңейтіп, мал басын көбейтуге және шалғай өңірлердің әлеуетін арттыруға жол ашады.