Түркістан
EN

Өңірде педофилдерге алғаш рет электронды білезік тағылды

252
22.04.2022

Енді Түркістан қаласы пробация қызметі педофилдердің әр адымын аңдитын болады. Нақтырақ айтқанда, заманауи технологиялық электронды білезік арқылы. Олардың жүріс-тұрысы мен әр қимылы арнайы жүйе арқылы қадағаланады. Күні бүгін кәмелет жасқа толмаған қызға зорлық көрсеткен жігітке бақылау құрылғысы қойылды. Өңірдің пробация қызметіне 6 электронды білезік бөлінді. Заманауи құрылғы ауыр қылмыс жасағандар мен жүйелі түрде заң бұзғандарға арналған. Мамандар жазасын өтеушіге құралды қалай пайдалану керектігін жіті түсіндірді. Істі болғандар білезікті бұзса, тиісті шара қолданылады. Білезіктер теріге зиян емес. Гипоаллергенді белбеуі бар. Ылғалға төзімді және онымен суға түсе беруге болады. Құрылғы радио сигналын береді және GPRS арқылы жұмыс істейді. Сондықтан сотталушының қайда жүргені белгілі болып тұрады. Қазақстанда сотталғандарды бақылау үшін 2,5 мың электронды білезік жалға алынды. Олардың көбі  Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстары сияқты ірі өңірлерге берілмек. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, электрондық бақылау құралдары болашақта бас бостандығынан айыру орындарына қамаудың баламасы ретінде қаралуы мүмкін.