Түркістан
EN

Қазығұрт ауданында тұрғындар арықтан лас су ішуге мәжбүр

294
22.04.2022

Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Айнатас ауылы  арықтан су ішіп отыр. 1 мыңға жуық тұрғынның тіршілігі Келес магистральді каналына қарап тұр. Өзбекстаннан бері қарай, ауданның егіс алқабы арқылы ағатын канал қоқысқа толы. Ол аздай мал өлекселері де арық суымен  бірге ағып келеді дейді тұрғындар. Канал суы көзге тұнық боп көрінгенімен шелекке құйылғанда оның лас екені бірден байқалады. Көпшіліктің айтуынша, бұл су аудандағы егіс алқаптарын суаруға арналған екен. Сондықтан бұның өзі жаз ортасында таптырмай, қуарып қалады. Аптап ыстықта бұл судың өзіне зар боламыз деген жұрт ауылға циестернамен су тасымалданады дейді. Бірақ оны ішу мүлде мүмкін емес деп отыр. Ауыз судың азабын тартқан әлеуметтің әкім-қараларға өкпесі қара қазандай. Ал ауыл әкімі әзірге қалың қауымды ағын судың барына қанағат қылуға шақырады. Санитар мамандар тексерсе, ұңғыманың өзін жауып тастауы мүмкін деген ақ жағалы екі жылдан бері жерасты суын барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Әкімнің айтуынша, су қоры жеткіліксіз болса, барлау жұмыстары одан әрі жалғасады. Ол іс тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сондықтан ауыл халқы амалсыздан Президентке жүгінеміз деп отыр.