Түркістан
EN

Құны 12 млрд болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды

3
24.06.2026

Еуропа мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтерілді. Брюссельде өткен дөңгелек үстелінде отандық экономикаға айырықша серпін беретін 12 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық алпауыт компаниялардың басшыларымен кездесіп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Қазірдің өзінде Еуропалық Одақ біздің ең ірі сауда серіктесіміз, елімізге тартылған шетелдік инвестицияның тең жартысы тап осы мемлекеттің үлесі. Қазірдің өзінде елімізде 4 мыңға жуық еуропалық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Еуропалықтар біздің елге неліктен қызығып отыр? Қандай жаңа өндірістер ашылады? Келесі бейнематериалда тарқатамыз.

 Қазақстан экономикасы әлемдік дағдарыстарға қарамастан өте жылдам өсіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 6,5 пайызға жетіп, халықаралық сарапшылардың болжамынан екі есе асып түсті. Мемлекет басшысы шетелдік кәсіпкерлерге елімізде инвесторлардың құқығы заңмен қорғалатынын айтты. Енді оларға барлық қызметті бір жерден көрсететін цифрлық платформа жұмыс істейді және «Altyn Visa» арқылы салық пен көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер беріледі. Ең ауқымды жобалардың бірі – Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын басты логистикалық хабқа айналдыру. Бұл ретте Транскаспий бағдары еуропалықтардың «Global Gateway» стратегиясымен бірігіп, қауіпсіз әрі тиімді теңіз және теміржол дәлізін құрап отыр.

 Жаңа көлік дәліздерін дамыту үшін еуропалық қаржы институттары Қазақстанға 1 миллиард доллар бөлу туралы келісімді бекітті. Логистикадан бөлек, Еуропаға біздің елдің қазба байлықтары ауадай қажет. Мәселен, Одаққа керек 34 маңызды минералдың 21-ін Қазақстан жеткізіп беруге толық қауқарлы. Бұған қоса, біз әлемнің уранға деген сұранысының  40 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Еуропа нарығына баратын мұнайдың 13 пайызы да біздің елден тасымалданады. Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстарды жай ғана шикізат күйінде сата бермей, оны өз елімізде өңдеп, жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуды ұсынды. Әсіресе, жасанды интеллект, суперкомпьютерлер, ауыл шаруашылығын жаңғырту және Алатау «ақылды қаласын» салу жобаларына ерекше басымдық берілмек. Бұл ұсынысты шетелдік кәсіпкерлер бірден қолдап, нақты іске көшті.

 Осындай ірі инвестициялардың құйылуына Астана халықаралық қаржы орталығының ықпалы зор. Орталық Азия мен Шығыс Еуропада бірінші орында тұрған бұл алаңда әлемнің 90 елінен 5800-ден астам компания тіркелген. Экономикалық серіктестік тек өндіріспен шектелмек емес. Қазірдің өзінде Қазақстанда Еуропаның 40 шақты ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы еліміздің еуропалық инвесторларға сенімді әрі тұрақты стратегиялық серіктес екенін айтты.

Қорыта айтқанда, Брюссельдегі бұл кездесу Қазақстанның ашық нарыққа және жоғары технологиялық интеграцияға толық дайын екенін көрсетті. Жасалған 12 миллиард долларлық ауқымды келісімдер алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашып, елімізде заманауи өндіріс орындарын  жасақтауға тікелей жол ашпақ.