Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында көрші елдің Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуі өтті. Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылап, сауда, инвестиция, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне тоқталды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 48 миллиард доллардан асып, экономикалық байланыстардың қарқыны арта түскен. Көрші елден 2 млрд 800 млн доллар инвестиция тартылды. Агроөнеркәсіп кешені бойынша да екіжақты көрсеткіштер еселі. 36%-ға өсіп, 2 млрд долларға жуықтаған. Қазақстан – Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық тасымалында шешуші роль атқарады. Республика аумағынан жүк ағынының 85%-дан астамы өтеді. Өткен жылы арадағы теміржол тасымалы 35,6 млн тоннаға жеткен. Кездесуде Үкімет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті.