Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамытуға арналған көшпелі кеңес өткізіп, өңірдегі ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Басқосуға 50-ден астам отандық және шетелдік инвестор қатысып, туризм саласының болашағына қатысты маңызды ұсыныстар ортаға салынды.
Тянь-Шаньн баурайындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркі – Түркістан өңірінің табиғи інжу-маржаны. Мұндағы биік шыңдар, мөлдір өзендер мен таза ауа жыл сайын мыңдаған туристі өзіне тартады. Бүгінде осы табиғи әлеуетті тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерлер де аз емес. Олар экотуризмді жаңа деңгейге көтеру үшін жол, электр қуаты, байланыс секілді инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі маңызды екенін айтады. Ал қажетті жағдай жасалса, өңірдің туристік тартымдылығын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бар дейді.
ТАЙМАС ТҰРСЫНБАЕВ – КӘСІПКЕР
Сайрам-Өгемнің табиғаты ерекше. Қазірдің өзінде мұнда еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін туристер бар. Егер жол, электр жарығы, байланыс жүйесі секілді инфрақұрылым мәселелері толық шешілсе, біз туристерге әлдеқайда сапалы қызмет көрсетіп, жаңа демалыс орындарын ашуға дайынбыз.
Кеңесте ұлттық парк аумағында жүзеге асатын жаңа жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Біркөлік шатқалында экологиялық және отбасылық туризмге арналған демалыс аймағы, Қасқасуда туристік-рекреациялық кешен, ал Сайрамсу шатқалында жаңа туристік инфрақұрылым салу жоспарланған. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сай қонақүйлер мен демалыс орындарын ашу көзделіп отыр. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін бермек.
ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ – ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінде аудан аумағында экотуризмді дамытуға бағытталған бірнеше ірі жоба қарастырылып жатыр. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді. Инвесторлармен бірлесіп барлық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз
Жиында ерекше назар аударылған жобалардың бірі – KASKASU халықаралық тау шаңғы базасы. Құны шамамен 172 миллиард теңге болатын бастама Түркістан облысын Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруды мақсат етеді. Жоба аясында туристік ауылдар, қонақүйлер, спорттық және ойын-сауық нысандары, сондай-ақ заманауи аспалы жолдар салу жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев инвесторларға нақты нәтиже қажет екенін айтып, барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс екенін қадап тапсырды.
СНХ: НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біз үшін ең маңыздысы – табиғатты сақтай отырып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. Сондықтан ұсынылған жобалардың барлығы нақты мерзіммен және нақты міндеттемелермен жүзеге асуы тиіс. Мемлекет жауапты инвесторларды қолдауға дайын, бірақ нәтиже де талап етіледі.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров тікұшақпен Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағын әуеден шолып шықты. Нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдар мен инвесторларға экотуризм жобаларын жедел іске асыру, ұлттық парктің халықаралық туристік тартымдылығын арттыру және барлық бастаманың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мамандардың пікірінше, жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, Сайрам-Өгем Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды экотуризм бағыттарының біріне айналады.