Талдықорғанда синтетикалық есірткіні таратты деген күдікке ерлі-зайыпты ілінді. Олар Алматы қаласы мен Алматы облысының 33 және 43 жастағы тұрғындары болып шықты. Күдіктілер мессенджерлер арқылы нұсқау алып отырып, тыйым салынған заттарды келісілген орындарға қалдырып жүрген. Тергеу әрекеттері барысында, олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ өлшеп-орауға және таратуға арналған құралдар табылды. Сонымен қатар, күдіктілердің Талдықорған қаласындағы уақытша мекенжайларында қосымша есірткі заттары мен заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, заңсыз айналымнан 260 грамма мефедрон тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.