Қазақстандық танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды. Өйткені олар жарнамалаған «Mudarabah Capital» компаниясының аспаннан ақша жаудырамыз деген арбауына кемінде 250 адам түскен. Қазіргі мәлімет бойынша осы бір ғана пирамидадан алданғандар 2 млрд теңгесінен айрылған. Былтыр 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидаларына алданып қалған. Олардың қаржылай шығыны 54 миллиард теңгеге жуықтайды. Адам шошырлық статистиканы құзырлы органдар жариялады. Ал оған алданғандар бар мүлкін беріп үй-күйсіз қалып, ең аяғында, өз-өзін өртетіп жатыр. Дәл осы оқиғаға қатысы бар «Mudarabah Capital» компаниясын жарыса жарнамалаған Мейіржан Төребаев қамалмай тұрып үндеу жариялады. Вайнер мен халыққа үгіттемей тұрып-ақ адамдар бұл қаржылық пирамидаға өздері келіп қосылған деп ақталды. Жыл сайын елімізде сан түрлі қаржы пирамидасы әшкереленеді. Алайда бар жиған-тергенін өз қолымен ұстата салатындар азаймай тұр. Әсіресе қазіргідей вайнерлердің дәурені жүріп тұрған кезде оларға сенгендер артынан бармақ тістеп қалып жатыр. Психологтар жалған жарнамаларына еріп кетпес үшін, тегін жатқан ақшаның болмайтындығын санаға сіңдіру қажет дейді. Ал экономист мамандар болса қаржылық ұйымдарға қатысты заңды күшейту қажет деп санайды.