Қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар өз өміріне қауіп төндірді. Демалыс күндері еліміздің бірнеше өңіріндегі өзен-көлдер мен теңіз жағалаулары түрлі оқыс оқиғаларға толы болды. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылғандар, ағысқа тап болғандар мен суға тұншығып қалған жандарды құтқарушылар дер кезінде аман алып қалды. Тақырыпты тілші жалғайды.
Абай облысында төтенше жағдайлар қызметкерлері Ертіс өзеніне құлаған ер адамды ажалдан арашалап қалды. Семей қаласындағы аспалы көпірден адамның суға құлағаны туралы хабарлама түсе салысымен құтқарушылар оқиға орнына шұғыл жеткен. Іздестіру жұмыстарына қайықтар мен дрондар жұмылдырылып, нәтижесінде 27 жастағы азамат Бобровка аумағынан табылды. Құтқарылған ер адамға медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.